«Самұрық-Энерго» АҚ-да «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының 2015 жылғы 27 мамырдағы шешімімен бекітілген Корпоративтік басқару кодексі қолданылып келеді.

2021 жылы Компания өзінің қызметіне бағалау жүргізіп, ағымдағы қызметінің Кодекс қағидаттары мен ережелеріне нақты сәйкестігіне талдау жасады.

Жүргізілген өзін-өзі бағалау нәтижелері 2021 жылы Компания Кодекстің негізгі қағидаттары мен ережелерінің сақталуын қамтамасыз еткенін көрсетеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Кодекстің 64 ережесінің 60-ы сәйкес келсе, 4 ереже ішінара сәйкес келді. Сәйкессіздіктер «Үкімет Қордың акционері ретінде» және «Директорлар кеңесі мен атқарушы органның тиімділігі» бөлімдері бо­йынша анықталды.

Төменде көрсетілген тармақтар Кодекс ережелеріне ішінара сәйкес келеді деп айқындалды:

  1.  «Үкімет Қордың акционері ретінде» деген 1-тараудың 2-тармағына сәйкес ұйымдар өз активтерінің құрылымын және олардың ұйымдық-құқықтық нысандарын барынша оңайлатуға ұмтылуы тиіс. Осылайша, «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобына түрлі ұйым­дық-құқықтық нысандағы еншілес ұйымдар: акцио­нерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер кіреді. «Жекешелендірудің 2021–2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 қаулысын орындау шеңберінде Компанияда іс-шаралардың іске асырылуы, сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ деңгейінде іске асыру үшін «Самұрық-Энерго» АҚ компанияларының периметрін қалыптастыру жөніндегі іс-шаралардың жүзеге асырылуына байланысты, 2021 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының құрылымын, оның ішінде «Самұрық-Энерго» АҚ еншілес және тәуелді ұйымдарының ұйымдық-құқықтық нысандарын өзгерту/оңтайландыру жұмыстары жүзеге асырылмады.
  2. «Директорлар кеңесінің және атқарушы органның тиімділігі» деген 5-тараудың 5-тармағына сәйкес Директорлар кеңесінің құрамында тәжірибе, жеке қабілеттері және гендерлік құрамы бойынша әртүрлілікті қамтамасыз ету қажет. Директорлар кеңесінің ағымдағы құрамы қажетті дағдылар, білім мен құзыреттер бойынша әртүрлілікті қамтамасыз етсе де, гендерлік құрам бо­йынша әртүрлілік қамтамасыз етілмей отыр.
  3. «Директорлар кеңесінің және атқарушы органның тиімділігі» деген 5-тараудың 7-тармағынасәйкес Директорлар кеңесі осы Кеңестің жаңадан сайланған мүшелері үшін лауазымға енгізу бағдарламасын және Директорлар кеңесінің әрбір мүшесі үшін кәсіби даму бағдарламасын бекітуі тиіс. Корпоративтік хатшы осы бағдарламалардың іске асырылуын қамтамасыз етеді. 2021 жылы Корпоративтік хатшы Директорлар кеңесінің жаңадан сайланған мүшелерін қызметке енгізу рәсімін іске асырды. Дегенмен, 2021 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ Директорлар кеңесінің мүшелері үшін оқыту бағдарламасы қалыптастырылмады.
  4. «Директорлар кеңесінің және атқарушы органның тиімділігі» деген 5-тараудың 18-тармағына сәйкес Директорлар кеңесі атқарушы органның басшысы мен мүшелерін сайлайды, өкілеттік мерзімдерін, лауазымдық жалақысының мөлшерін, оларға еңбекақы төлеу шарттарын айқындайды, сондай-ақ атқарушы органның басшысы мен мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтатады. «Самұрық-Энерго» АҚ Жарғысына және ішкі құжаттарына сәйкес Директорлар кеңесі Басқарманың сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындайды, Басқарма мүшелерін сайлайды, олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатады (Басқарма Төрағасын қоспағанда). Бұл ретте «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасын тағайындау (сайлау) және оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі Жалғыз акционердің құзыретіне жатқызылған.

Компания корпоративтік басқарудың ұлттық және әлемдік стандарттарын ұстанудың маңыздылығын мойындай отырып, алдағы уақытта да барлық мүдделі тараптар тарапынан сенімнің жоғары деңгейін қолдау және бизнес­тің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін корпоративтік басқару жүйесін жоспарлы түрде дамытуға ниетті.

Корпоративтік басқару тәжірибесінің Корпоративтік басқару кодексінің қағидаттары мен ережелеріне сәйкестігі туралы толық есеппен мына сілтеме бойынша толық көлемде таныса аласыз: https://www.samruk-energy.kz/ru/shareholder/other-statements

Корпоративтік мәдениет және этика

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның басым бағыттарының бірі жоғары этикалық стандарттарды енгізу және сенімге негізделген корпоративтік мәдениетті құру болып табылады.

«Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобында Мінез-құлық кодексі қолданылады, бұл құжат атқаратын лауазымына қарамастан, «Самұрық-Энерго» АҚ мамандарының қызметіне сәйкес жоғары кәсіби және этикалық стандарттарды белгілейді.

Кодекстің мақсаты «Самұрық-Энерго» АҚ корпоративтік өмірі мен барлық мүдделі тұлғалармен іскерлік қарым-қатынасы ортақ құндылықтарға негізделуін айқындайды.

Сондықтан өз жеткізушілерімен және мердігерлерімен өзара іс-қимыл аясында Компания денсаулық сақтау және қауіпсіздік талаптарына сәйкестікті қоса алғанда, еңбек заңнамасының сақталуын талап етеді. Тиісті талаптар «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобы бойынша үлгілік шарттарға енгізілген.

Мінез-құлық кодексінде көзделген «Самұрық-Энерго» АҚ корпоративтік құндылықтарын ұстану Компанияның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге және миссиясын орындауға ықпал етеді.

Іскерлік әдеп кодексінің нормаларын бұзуға жол берген атқарушы органның мүшесі «Самұрық-Энерго» АҚ-ның компаниялар тобында атқарушы органының мүшесі бола алмайды.

Директорлар кеңесі этика стандарттарын енгізуді және олардың сақталуын қамтамасыз етеді. Барлық лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер Мінез-құлық кодексімен танысқандығы туралы өтінішке қол қояды және Кодекс бойынша өз білімдерін үнемі растап отырады. Компанияда лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерді Мінез-құлық кодексін, омбудсменнің рөлін түсінуге және болжамды ереже бұзушылықтар туралы хабарлау жүйесінің қолжетімділігіне бағытталған оқыту-үйрету тұрақты негізде жүргізіледі.

2021 жылдың нәтижелері бойынша Директорлар кеңесі мүшелері мен «Самұрық-Энерго» АҚ атқарушы органы тарапынан Мінез-құлық кодексінің нормаларын бұзу жағдайлары тіркелген жоқ.