Энергетикалық саланы реттеуді мемлекеттік органдар жүзеге асырады.

Уәкілетті орган нысанындағы Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі 2004 жылғы 9 шілдедегі № 588-II «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы негізінде электр энергетикасы саласына басшылық жасайды. 

Уәкілетті орган нысанындағы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі №165-IV Заңының негізінде ЖЭК саласында басшылықты жүзеге асырады.

Мемлекеттік орган нысанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №204-VI «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, табиғи монополиялар салаларында, о.і. электр энергиясын беру, жылу энергиясын өндіру, жеткізу, бөлу және қамтамасыз ету бойынша реттелетін қызметтерге қатысты мемлекеттік саясатты іске асырады.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2017 жылғы 27 желтоқсандағы №125-VI «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес көмір өнеркәсібі саласына басшылық жасайтын мемлекеттік орган болып табылады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ МЕН ҚУАТЫ НАРЫҒЫНЫҢ МОДЕЛІ

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап электр энергиясы нарығымен қатар электр қуатына сұранысты жабу үшін қолданыстағы электр қуаттарын ұстап тұру және жаңа электр қуаттарын іске қосу үшін инвестициялар тартуға бағытталған электр қуаты нарығы жұмыс істей бастады.

Қолданыстағы қуатты жаңарту, кеңейту және жаңа электр станцияларын салу үшін инвестиция тарту ұзақ мерзімді келісімдер шеңберінде, ағымдағы жабу үшін инвестицияларды тарту арқылы, орталықтандырылған электр энергиясының саудасы нарығындағы бәсекелестік іріктеу негізінде қалыптасады.

Қуат нарығының енгізілуіне байланысты электр энергиясына арналған қолданыстағы тариф екі құрамдас бөлікке бөлінді:

  1. электр энергиясына тариф – рентабельділік нормасын ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шығындар (амортизацияны, кредиттер бойынша пайыздарды қоса алғанда) базасында қалыптасатын ауыспалы бөлік;
  2. қуат тарифі – жаңа электр қуаттарын салуға және қолданыстағыларын жаңартуға, жаңғыртуға, реконструкция­лауға, кеңейтуге салынған инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз ететін тұрақты бөлік.

Электр энергиясы нарығында электр энергиясын сатып алу-сату, сондай-ақ электр энергиясын орталықтандырылған сауда-саттықта сатып алу және сату бойынша екі жақты тікелей шарттар жасасу мүмкіндігі сақталады. Бұл ретте, «Электр энергетикасы туралы» Заңның 12-1-бабының 2-тармағына сәйкес электр энергиясын өндіру бәсекелес ортада болады және энергия өндіруші ұйымдар тиісті топтың шекті тарифі шеңберінде босату бағасын дербес айқындайды.

Қуатты сатып алуды Бірыңғай сатып алушы қажетті қуат резервін ескере отырып, Қазақстан БЭЖ-інің жылына ең жоғары тұтынылатын қуаты деңгейінде жүзеге асырады.

Бірыңғай сатып алушы қуатты барлық көтерме сатып алушыларға (энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен көтерме тұтынушыларға) бірыңғай, орташа баға бойынша өткізеді. Бұл тетік энергия өндіруші ұйымдардың қуатына әр түрлі бағаларды деңгейлестіруді қамтамасыз етеді, өйткені жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдардың инвестициялық қажеттіліктері электр станцияларын салуға арналған тендердің нәтижелері бо­йынша енгізілген жаңа электр станцияларына қарағанда аз.