
Николай Юрьевич
Директорлар кеңесінің төрағасы
Құрметті оқырман!
Сіздердің назарларыңызға ұсынылатын Жылдық есеп еліміздің электр энергетикалық нарығындағы аса маңызды ойыншы – «Самұрық-Энерго» АҚ-ның 2021 жылы атқарған қызметі туралы толық ақпаратты қамтиды.
Компания Қазақстанның энергетикалық жүйесінде стратегиялық орынға ие. «Самұрық-Энерго» холдингінің құрамына отандық энергетиканың флагмандары – Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2, Екібастұз көмір бассейнінің ірі кеніштері, Алматы электр станциялары мен электр желілерінің кешені, жаңартылатын энергия көздерінің объектілері, су электр станциялары кіреді. 2021 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстанның электр энергиясын өндірудегі «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялары тобының үлесі 31,1%-ды құрады. Компания электр энергиясын өндіруді 35 609,3 млрд кВтс-ға дейін ұлғайтты, бұл 2020 жылғы көрсеткіштерден 13,5%-ға жоғары. 2021 жылдың қорытындысы бойынша көмір өндіру көлемі 44 632 млн тоннаны құрады, бұл жоспардан 2,572 немесе 6,1%-ға жоғары. Осының барлығы үлкен холдингтің мыңдаған қызметкерлерінің жұмысының нәтижесі, олардың жоғары кәсібилігі еліміздің энергия жүйесінің сенімді жұмыс істеуіне негіз қалайды және тұтынушыларға электр энергиясын тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеді.
Басты өндірістік міндеттерді орындаудан басқа, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның күш-жігері 2021 жылы Компанияның қаржылық әл-ауқатын нығайтуға, қоршаған ортаға теріс әсерді азайту жөніндегі шараларды іске асыруға, өндірістік жарақаттану саласындағы жұмысты күшейтуге және ел энергетикасындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты болды.
Холдингте кейбір инновациялық тетіктерді енгізу оң нәтиже берді, бұл Компаниялар тобының ақша ағындарын орталықтандырып басқаруға, ішкі ресурстарды тиімді пайдалануға және қарыз алу деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бірқатар белгілі сыртқы жағымсыз факторларға қарамастан, «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялары тобының қаржылық тұрақтылығының көрсеткіштері тұрақты болып табылатынын атап өту қажет.
2021 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен электр қуатын арттыру бойынша белсенді жұмысты жалғастырды. Әңгіме Екібастұз ГРЭС-1-де энергия блогын қалпына келтіруге, Екібастұз ГРЭС-2-де жаңа блокты салуға, «Богатырь» кесігінде көмір өндіру мен тасымалдаудың циклдық-ағындық технологиясына байланысты сала үшін аса маңызды инвестициялық жобаларды іске асыру туралы болып отыр. Еліміздің солтүстік және оңтүстік өңірлерінде ЖЭК объектілерін салу бойынша іс-шаралар кезең-кезеңмен жүргізілуде.
Қазақстан, бүкіл әлем сияқты, баламалы энергия көздерін кеңінен пайдалануға энергетикалық көшу процесінің кезекті кезеңіне аяқ басты. «Жасыл экономикаға» көшудің жаһандық трендтері және стейкхолдерлердің өсіп келе жатқан ESG-талаптары «Самұрық-Энерго» АҚ үшін де сын-тегеуріндер ретінде қызмет етеді. Осыған байланысты жыл соңында болған оқиғаның маңыздылығын атап өтпеуге болмайды – Компанияның Директорлар кеңесі алдағы 10 жылға арналған жаңа Даму стратегиясын бекітті. Бұлардан басқа, құжат «жасыл» энергетиканы дамыту бойынша жоспарларды қарастырады. Ірі қазақстандық электр энергетикалық холдингтің Даму стратегиясы ұлттық энергетикалық қауіпсіздік жүйесін стратегиялық жоспарлау саласындағы мемлекеттік саясатты ескереді және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның негізгі стратегиялық бағыттарына, мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келеді.
Жоғарыда айтылғандардың барлығы ірі отандық электр энергетикалық холдингтің дұрыс бағытта дамып және жүріп келе жатқанын көрсетеді. «Самұрық-Энерго» АҚ өзін жоғары әлеуметтік және экологиялық жауапкершілігі бар тиімді жоғары технологиялық операциялық энергетикалық компания – Қазақстан энергетикасының көшбасшысы ретінде көреді. Осы орайда оның биік мақсаттарға деген ұмтылыстарына зор табыс тілеймін! «Самұрық-Энерго» АҚ-ның барлық қызметкерлеріне, сондай-ақ оның серіктестері мен достарына денсаулық, ырыс-береке, мол жетістік және зор жеңіс тілеймін!